Мәжіліс фитосанитарлық қауіпсіздікке бағытталған заң жобасын мақұлдады

АСТАНА. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне фитосанитарлық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған заң жобасы «Өсімдіктер карантині туралы», «Өсімдіктерді қорғау туралы» және «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Бұл ретте карантиндік нысандардың ошақтарын анықтау бөлігіндегі қызмет ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Республикалық фитосанитариялық диагностика мен болжамдарының әдістемелік орталығы» мекемесіне берілетін болады. Осылайша, карантиндік нысандарды анықтау үшін зерттеулер жүргізу қызметін мемлекеттік мекемеге беру арқылы зиянкестердің, аурулардың, арамшөптердің және карантиндік нысандардың таралу ошақтарының мониторингі және зерттеу жұмыстары бір ұйымда шоғырландырылатын болады. Осы норманың жүзеге асуы фитосанитарлық қауіпсіздік саласы бойынша атқарылатын жұмыстардың тиімділік сапасын жақсартуға, карантиндік нысандарды анықтап, жоюға мүмкіндік қалыптастырады. Заң жобасында енгізіліп отырған нормалар пестицидтерге, яғни улы химикаттарға мемлекеттік тіркеу жүргізу тәртібін реттейді және олардың айналымы саласындағы нормативтік базаны жетілдіреді. Сонымен бірге, құжатта әкелінетін және әкетілетін карантиндік өнімге рұқсаттық құжаттар беру мерзімін қысқарту, сондай-ақ Үкіметтің және уәкілетті органның құзыретін нақтылау шаралары қамтылады. Заң жобасын талқылау барысында депутаттар тарапынан әкімшілік кедергілерді азайтуға және Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарлардың және көлік құралдарының өтуін жеделдетуге бағытталған өзгерістер қабылданды. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.
Соңғы жаңалықтар