Мәжіліс халық қалаулылары бастамашы болған Жер кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап, Үкімет жобасын кері қайтарды

АСТАНА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының екі балама нұсқасы талқыланды.
None
None
Оның біріне Мәжіліс депутаттары Е. Рамазанов, Е. Рахметов, Т. Сыздықов бастамашылық жасаса, екіншісі Үкімет тарапынан әзірленген болатын. Талқылаудан соң, палата депутаттары өз әріптестері бастамашы болған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап, Үкіметтік жобаны кері қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Депутаттар бастамашы болған заң жобасы негізінен «Нұр Отан» ХДП жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің шешімдерін және партияның Мәжілістегі фракциясының тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген. Сондай-ақ, құжат негізінен жер ресурстарын бөлу және пайдалану мәселелерін зерделеу мақсатынан туындаған болып табылады. Заң жобасында азаматтар мен тұлғалардың жер учаскелерін беру туралы өтініштерін қарау мерзімдері мен тәртібін сақтамау, кезектілікті бұзу және құқыққа қайшы бұрмалау, елді мекендердің Бас жоспарларын сақтамау арқылы заңды бұзудың алдын алуға бағытталады. Бұндай анықталған заң бұзушылықтарды бастамашы депутаттар сыбайлас жемқорлық көріністерімен байланыстырады. Ал Үкіметтік нұсқада мемлекет мұқтажы үшін жерді алып қою мәселелерін заңнамалық тұрғыдан реттеу, жер учаскелерін беру рәсімдерін ретке келтіру, сондай-ақ жер заңнамасын қатаңдату мәселері қамтылған. Жалпы алғанда палата отырысына шығарылып отырған екі заң жобасының ұқсас тұстары жеткілікті. Дегенмен де, палатаға осындай баламалы заң жобалары бір мезгілде енгізілген кезде, олардың тек біреуін ғана екінші оқылымға әзірлеу туралы шешім қабылдау қажет. Осы мәселені ескере келе, палата депутаттары өз әріптестері бастамашы болған заң жобасына қолдау білдірді. Тоқтала кететін жайт, Үкіметтік нұсқадағы ұсыныстар заң жобасын екінші оқылымға әзірлеу барысында қосымша кестеге кірістіріліп, талқыланатын болады. Сондықтан да депутаттар бастамашы болған жоба негізге алынып, Үкімет енгізген заң жобасының нормаларын негізгі заңға үйлестіріп көшіру ұсынылады. Сөз арасында Палата Төрағасы Орал Мұхамеджанов Үкіметтің депутаттар бастамашы болған заң жобасына оң қорытынды бергенін және Премьер-Министр К. Мәсімовтың депутаттық заң жобасын негізге алуға келісім бергенін атап өтті. Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы екінші оқылымға әзірлеу үшін Бас комитетке тапсырылады.
Соңғы жаңалықтар