Мәжіліс «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасын мақұлдады
АНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
Аталған заң жобасының нормалары еліміздің ұлттық сәйкестігі мен қауіпсіздігін сақтау және дамыту шеңберінде заңсыз көші-қонды барынша қысқарту, сараланған көші-қонды қалыптастыру жолымен көші-қон үдерістерінің келеңсіз салдарын азайтуға бағытталып отыр. Құжатты әзірлеудегі мақсат ішкі және сыртқы көші-қон ағындарын мемлекеттік реттеу саласындағы заңнамалық базаны одан әрі жетілдіру болып табылады. Бұдан бөлек, заң жобасы елімізге тұрақты тұру мақсатында келген этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерін, шетелден қайтып оралған отандастарымыз бен олардың отбасы мүшелерін, сондай-ақ еліміздің экономикалық тұрғыдан перспективасыз және экологиялық жағынан қолайсыз аумақтарда тұратын Қазақстан азаматтарын оңтайлы қоныстандыру болып табылады. Бұндай оңтайлы қоныстандыру барысында оларды орналастыруға жәрдем көрсету мен әлеуметтік қолдау жасау көзделеді.
Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы заңнама 1997 жылы қабылданған болатын. Жаңа заң жобасында алғаш рет көші-қон ағымдарының негізгі түрлері көрсетіліп, осыған қатысты олардың әртүрлі ерекшеліктерін ескере келе, реттеу тетіктері де белгіленеді.
Бұдан бөлек, заң жобасында көші-қон мәселелері жөніндегі тиісті уәкілетті органдардың өзара іс-қимыл жасау тетігін белгілеу, көшіп-қонушылар санаттарын, сондай-ақ оларды мемлекеттік реттеудің параметрлерін айқындау шаралары көзделеді.
Жобамен жұмыс істеу барысында депутаттар құжаттың құрылымын жақсартатын ұсыныстар жасаған. Мәселен, құжаттың ұғымдық аппаратында «қоныс аударушы», «оралман», «ішкі көшіп-қонушы», «этникалық қазақ» деген терминдерге жаңа анықтамалар берілген.
Айта кетейік, бүгін Астанада басталған Дүниежүзі қазақтарының IV Құрылтайында сөйлеген сөзінде ҚР Президенті - Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламентте талқыланып жатқан "Халықтың көші-қоны туралы" жаңа заң жобасы шетелдегі қандастарымыздың елге көшіп келу жағдайын жақсартуға септігін тигізуі тиістігін қадап айтты.
«Парламентте "Халықтың көші-қоны туралы" заң жобасы қаралуда. Кеңінен талқыланып, қабылданатын жаңа заң қандастарымыздың жағдайын жақсартуға септігін тигізеді деп есептеймін. Ол шетелдегі отандастарымыздың құжат тапсыруда тіркеуге тұруға және азаматтық алуында кездесетін түрлі кедергілерді жоюы тиіс. Бұл орайда бір нәрсені қаперде ұстау керек. Соңғы кездері белгіленген квота толмай отыр. Туған елге табан тіреймін, көшіп келемін деушілерге есігіміз ашық»,-деді Н. Назарбаев.
Бұл ретте Президент қандастарды Отанға оралту жұмысын жүйелендіре түсу керектігіне де назар аударды. Елбасы шетелден өз бетінше көшіп келемін деушілерге, әсіресе, жастарға еш кедергі болмауы тиістігін атап өтті.