Мәжіліс исламдық қаржыландыру бойынша Сенатқа келісім берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және исламдық қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістерді талқылады. Нәтижесінде Мәжіліс сенаторлар түзетулеріне келісім беріп, құжатты қабылдады.
Еске салайық, аталған заң жобасының мақсаты исламдық сақтандыруды енгізу, ислам банктерінің қызметіне едәуір қолайлы жағдайлар жасау, сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесінің тұрақтылығы мен қаржылық орталығын қамтамасыз ету болып табылады. Сонымен қатар, заң жобасымен қызметкерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жолымен Қазақстанда толыққанды исламдық қаржыландыру жүйесін құру қарастырылады.
Бұл ретте заң жобасымен исламдық қаржыландыру жүйесін одан әрі дамыту үшін исламдық сақтандыруды енгізу қарастырылып отыр. Әдеттегі сақтандыру исламның сақтандыру қағидаттарына қайшы келетіні айқын. Бұл исламдық қаржы жүйесінің қатысушыларының тәуекелдерін жабуға мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты құжатта исламдық қаржыландырудың негізгі қағидаттарын заң деңгейінде бекіту және исламдық сақтандыруды ынталандыру ұсынылады.
Заң жобасын екінші оқылымда талқылау барысында сенаторлар Мәжіліс мақұлдаған құжатқа бірқатар түзетулер енгізген. Атап айтқанда, сенаторлар сақтандыру сыйақыларын айқындау бойынша мәселелерді реттеу бөлігінде, сонымен бірге, сақтандыру сыйақысының ең төменгі мөлшерін айқындауға қатысты түзетулер ұсынып отыр. Бұдан бөлек, денсаулыққа залал келтіру нәтижесінде болатын қосымша шығыстарды өтеу бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға қатысты мәселелер де туындаған.
Осы түзетулердің барлығына мәжіліс келісім беріп, құжатты қабылдау туралы шешім шығарды. Енді Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.