Мәжіліс Кәсіпкерлік кодексін бірінші оқылымда мақұлдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары Кәсіпкерлік кодексінің жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Аталған кодекс жобасы мемлекеттік реттеу мен бизнесті қолдауға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуді қарастырады.
«Бұл жоба классикалық кодекс емес, шоғырландырылған кодекс, онда нысаналы бағыттан туындайтын нормалар жүйеленген. Кәсіпкерлік кодекс жобасын әзірлеу барысында біз оның Азаматтық кодекс нормаларымен арақатынасының оңтайлы нұсқасын қалыптастыруды мұқият қарастырдық», - деді Әділет министрі Берік Имашев.
Оның айтуына қарағанда, Кәсіпкерлік кодекс жобасы жеке құқық пен нормалар бәсекелестігінің дуализмін туындатпайды және кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасына, оның ішінде мемлекеттік реттеу мен кәсіпкерлікті қолдауға байланысты туындайтын қоғамдық қарым-қатынастарды реттеуді қарастырады.
Бұл ретте, кодекс жобасында 19 қағидат айқындалған, солардың негізінде кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекет өзара әрекет ете алады. Соның ішінде кодекстің дербес бөлімі кәсіпкерлік пен мемлекеттің өзара іс-қимылы мәселелеріне арналып отыр. Атап айтқанда, кәсіпкерлік субъектілерінің норма жасауға қатысуы, кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік тапсырыс, мемлекеттік-жеке меншік серіктестік, кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі мен кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу, жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары қамтылған.
«Тұтастай алғанда Кәсіпкерлік кодексінің жобасына бизнесті реттейтін функционалды заңнамалар шоғырландырылды. Бұл ретте кәсіпкерліктің салалық түрі бұрынғысынша арнайы заңнамалармен реттелетін болады. Сонымен қатар, кәссіпкерлік пен мемлекеттік субъектілер өзара әрекеттесетін базалық бірыңғай қағидаттар да айқындалды. Соның ішінде біршама қағидаттар алғаш рет қолданылмақ», - дейді министр Б. Имашев.
Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттің кәсіпкерлікті реттеу формалары мен құралдары жүйелендірілген. Атап айтқанда, экономикалық бәсекелестік, рұқсат беру мен ескертулер, бағаны мемлекеттік реттеу, кәсіпкерлікке мемлекеттік бақылау мен қадағалау шаралары қамтылған.