Мәжіліс Қазақстан мен Ресей арасындағы теміржолдағы тасымалды рәсімдеуге өзгерістер енгізетін құжатты мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «2016 жылғы 15 тамыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей темір жол учаскелері бойынша және Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Ресей Федерациясының темір жол учаскелері бойынша тасымалдау төлемдерін төлеу және жүк тасымалдарын рәсімдеу тәртібі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Мәжіліс Қазақстан мен Ресей арасындағы теміржолдағы тасымалды рәсімдеуге өзгерістер енгізетін құжатты мақұлдады

Хаттамаға сәйкес, аталған келісім ресейлік теміржолдың Озинки, Ақсарай ІІ, Құлынды, Золотая Сопка түйісу пункттерінен жүктерді тасымалдау кезінде қазақстандық теміржолда және қазақстандық теміржолдың Никельтау, Тобыл, Пресногорьков, Қызыл ту түйісу пункттерінен жүктерді тасымалдау кезінде ресейлік теміржолда төлемдерін төлеу тәртібін регламенттейтін баптар алынып тасталады.

«Бұл 2009 жылы Қазақстан мен Ресей арасында аталған стансаларда орналасқан учаскелермен алмасуына және тараптардың мемелкеттік шекарасының бөлуіне байланысты болып табылады. Заңды қабылдау теріс экономикалық, әлеуметтік салдарды болдырмайды», - дейді Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.