Мәжіліс Кеден одағы аясында тауарлардың құнын айқындаудың дұрыстығын бақылауға арналған келісімді мақұлдады
Енді құжат Парламент Сенатына жіберіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң жобасы бойынша Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындаудың дұрыстығын бақылауды жүзеге асырудың негізгі ережелері айқылдалады. Бұл ретте тауарлардың құнын бақылауды тауарларды кедендік рәсімдеу кезінде де, тауарларды шығарғаннан кейін де Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден органдары жүзеге асыратын болады. Сонымен бірге, келісім бойынша тауарлардың кедендік құнын түзету және төлеуге жататын кедендік баждарды, салықтарды қайта есептеу Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің халықаралық шарттарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Ал бұндай шарттар күшіне енгенге дейін мемлекеттердің әрқайсысының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асады. Сондай-ақ заң жобасы кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарды әзірлеуге септігін тигізеді.
Келісімге Қазақстан, Беларус және Ресей Үкіметтері арасында 2008 жылғы желтоқсанның 12-сінде Мәскеу қаласында қол қойылған.