Мәжіліс Кеден одағы шеңберіндегі техникалық реттеудің бірыңғай қағидаттары туралы келісімді мақұлдады

АНА. 11 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Беларусь Республикасындағы, Қазақстан Республикасындағы және Ресей Федерациясындағы техникалық реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Мәжіліс Кеден одағы шеңберіндегі техникалық реттеудің бірыңғай қағидаттары туралы келісімді мақұлдады

Аталған келісімге 2010 жылы 18 қарашада Санкт-Петербор қаласында қол қойылған болатын. Құжатқа сәйкес, Кеден одағының техникалық регламенттері кеден одағының кедендік аумағында тікелей қолданылатын болады. Тараптар кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес, келетін өнімнің айналымын өз аумағында кеден одағының техникалық регламентінде қамтылған осындай өнімге қатысты қосымша талаптар қоймай және қосымша сәйкестікті бағалау рәсімдерін өткізбей қамтамасыз ететін болады. «Жалпы, Келісім Кеден одағына мүше мемлекеттердің техникалық реттеу жүйесінің үйлесімділігін қамтамсыз етуге бағытталып, саудадағы техникалық кедергілерді жоюды қарастырады. Бұл ретте Кеден одағының Комиссиясына бірқатар өкілеттіктер жүктейді. Атап айтқанда, Комиссия техникалық регламенттер әзірлеу жобасын бекітеді, оларды қабылдайды. Техникалық регламентпен өзара байланысты болып табылатын стандарттар тізімін бекітеді», - дейді заң жобасы бойынша баяндаған ҚР Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі Алберт Рау.

Келісімнің 3-бабына сәйкес техникалық реттеу саласында кеден одағының нормативтік құқықтық базасын қалыптастыру мақсатында тараптар оған қатысты Кеден одағы шеңберінде міндетті талаптар белгілейтін өнімдердің бірыңғай тізбесін қалыптастырады. Бұл ретте тараптар өз заңнамасында бірыңғай тізбеге енгізілмеген өнімге қатысты міндетті талаптарды белгілеуге жол бермейді.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.