Мәжіліс көлікті техникалық байқаудан өткізуге бағытталған заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады
АНА. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне механикалық көлік құралдарын және олардың тіркемелерін міндетті техникалық байқаудан өткізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
Құжат Мемлекет басшысының еліміздегі құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін артыру жөніндегі Жарлығын іске асыру мақсатында әзірленген. Бұл ретте көлік құралдарын мемлекеттік техникалық байқаудан өткізу жөніндегі функцияларды бәсекелестік ортаға беру көзделеді. Сондай-ақ заң жобасының негізгі мақсаты механикалық көлік құралдарына міндетті техникалық байқауды ұйымдастыру мен өткізу үдерісін жетілдіру болып табылады. Ұлттық көлік заңнамасын халықаралық құқыққа сәйкес келтіру нормалары көзделеді.
Заң жобасының нормаларына сәйкес, бұл жұмыспен техникалық байқау орталықтарының тізіліміне көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган енгізген техникалық байқау орталықтары айналысатын болады. Құжатты талқылау барысында депутаттар 70-тен астам ұсыныс жасады. Бұдан бөлек, заң жобасындағы басты жаңалықтың бірі - көлік иесі өз көлігінің қай қалада тіркелгеніне қарамастан, техникалық байқауды қайда өткізетінін еркін таңдай алады. Сондай-ақ техникалық байқаудың бірыңғай ақпараттық жүйесінің болуы көлік құралдарының техникалық байқаудан өтуіне мониторинг жүргізуге, көлік салығын төлеу жөніндегі қолданыстағы жүйені сақтауға мүмкіндік береді.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.