Мәжіліс комитеті мемлекеттік қорғаныстық тапсырысқа қатысты жобаны талқылады
АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті.
Басқосуда «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасы мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру және орындау саласындағы құқықтық қатынастарды мемлекет қорғанысы мен қауіпсіздігінің мұқтажын қамтамасыз етудің қазіргі заманғы міндеттеріне сәйкестендіру мақсатында әзірленген. Атап айтқанда, заң жобасында ұғымдардың анықтамасы нақтыланады, мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың құрамы, оны қалыптастыру мен орналастыру үдерісі қайта қаралады. ҚР Үкіметінің және уәкілетті органның құзіреті, сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс берушілер мен орындаушылардың қызметтері нақтыланады. Сонымен бірге заң жобасы бойынша қорғаныстық тапсырыс тізбесінен ортақ пайдаланылатын тауарларды алып тастау көзделіп отыр. Атап айтқанда, мұндай тізбеден жанар-жағармай материалдары, азық-түлік, медициналық керек-жарақтар, тұрмыстық аспаптар, кеңсе тауарлары алып тасталынады. Бұл шараның өзі елімізде осындай өнім өндірушілер арасында үлкен бәсекелестік ортаның болуына негізделіп отыр.
Сонымен бірге, аталған жобада мемлекеттің отандық өндірушілерді қолдау жөніндегі саясаты ескеріледі. Комитет мүшелері заң жобасын талқылап, құжатты палатаның жалпы отырысына шығаруға келісті.