Мәжіліс комитеті мемлекеттік тілдегі мәтінде олқылықтар орын алғандықтан халықаралық келісімді Үкіметке қайтарып жіберді

АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «ҚР Үкіметі мен Словак Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.

Мәжіліс комитеті мемлекеттік тілдегі мәтінде олқылықтар орын алғандықтан халықаралық келісімді Үкіметке қайтарып жіберді
Аталған келісімнің мемлекеттік тілдегі мәтінінде кеткен олқылықтарға байланысты заң жобасы Үкіметке қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Заң жобасын жұмыс тобында талқылау барысында келісімнің мемлекеттік тілдегі мәтінінде кемшіліктер орын алғандықтан, Сыртқы істер министрлігі словакиялық әріптестеріне арнайы хат жолдап келісімнің жаңа мәтінін жіберген болатын. Словак тарапынан да тиісті келісім беріліп еді. Дегенмен де, заң жобасын тағы да пысықтау барысында аудармашылар өте көп түзетулер жасап отыр. Сондықтан да, осындай түзетулер үшін Словак Республикасынан екінші қайтара келісім сұрауға мәжбүр болып отырмыз», деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Индустрия және сауда министрінің орынбасары Алмас Қосынов. Сонымен бірге, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті аталған жобаға қорытынды бергенде құжатта мемлекеттік тілдегі мәтінді бұрмалайтын қателіктерді ашып көрсеткен. Ондай қателер негізінен стилистикалық, лингвистикалық, редакциялық сипатта орын алған әрі орыс тіліндегі мәтінмен тең түпнұсқалы болмағаны анықталған. Осыған орай, Бас комитет ретінде Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті аталған құжатты қабылдамау туралы ұсыныс енгізіп, комитет мүшелері бұл мәселені құптады. Естеріңізге сала кетейік, аталған келісім елдердің инвестициялық ахуалын жақсартуға және елдер арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етуге бағытталған еді. Мәселен, келісімде Қазақстан Республикасы мен Словак Республикасының инвестицияларына және инвесторларына қатысты өзара әділ және кемсітпейтін режим ұсыну көзделген. Сондай-ақ, комитет отырысының күн тәртібіне енгізілген «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Гонконг Арнайы әкімшілік ауданының Үкіметі арасындағы Халықаралық әуе қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын да осындай мәселеге байланысты Үкімет кері шақыртып алды.