Мәжіліс комитетінде Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шарт талқыланды
АСТАНА. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы барысында «Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартқа 2008 жылы маусымның 11-інде ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Франция Республикасына ресми сапары барысында қол қойылған болатын. Құжат Қазақстан тарапының бастамасымен «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде әзірленіп отыр. Бұндағы негізгі мақсат Қазақстанның жетекші Еуропа елдерімен стратегиялық әріптестік деңгейіне шығу болып табылады», деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров.
Оның айтуынша, шарттың негізгі мақсаты 2007 жылы қабылданған Еуропалық одақ қабылдаған стретегия шеңберінде Еуропалық одақ пен Орталық Азия арасында жаңа стратегиялық әріптестіктің іске асырылуын қолдау болып табылады. Сондықтан да, шартты қабылдау арқылы екі жаққа бірдей қызығушылық танытқан әртүрлі салаларда екіжақты ынтымақтастыққа жаңа сапа беру және қарым-қатынастардың құқықтық базасын нығайту жүзеге асады деп болжанады.
Комитет мүшелері заң жобасына қолдау білдіріп, құжатты палатаның жалпы отырысына шығару туралы шешім қабылдады.