Мәжіліс Конституцияның 78-бабын іске асыру бойынша заң жобасына енгізілген өзгерістерді талқылайтын болады
АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын өндіріске алды.
Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашевтың айтуынша, аталған заң жобасына бір топ депутаттар бастамашылық жасаған. «Заң жобасы сот төрелігі барысындағы азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалу деңгейін арттыруға бағытталады. Осы мәселелермен байланысты заңнаманы тұтастай жетілдіру мәселелері көзделеді. Атап айтқанда Ата заңның 78-бабын жүзеге асыру барысында қолданыстағы процессуалдық заңнамада қылмыстық істі тоқтату, қылмыстық іс бойынша өндірісті тоқтату бағытында күшіне енген сот актілерін қайта қарау барысында проблемалар туындайды. Бұған ұқсас проблемалар әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаларда да көрініс тауып отыр. Заң жобасы қолданыстағы заңнамалардан осы бағыттағы олқылықтарды жоюға арналады», - дейді депутат Р. Мұқашев.