Мәжіліс құқық қорғау қызметі туралы заң жобасы бойынша Сенат енгізген өзгерістерге келісімін берді

АСТАНА. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Құқық қорғау қызметі туралы» заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістерді талқылады. Мәжіліс Сенат тарапының ұсыныстарын қабылдап, түзетулерге келісімін берді.

Мәжіліс құқық қорғау қызметі туралы заң жобасы бойынша  Сенат енгізген өзгерістерге келісімін берді

Естеріңізге сала кетейік, Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы құқық қорғау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарда қызмет атқаруға бірыңғай көзқарасты белгілеуге бағытталып отыр. Бұл ретте құжат бойынша прокуратура, ішкі істер, қаржы полициясы және кеден органдары, қылмыстық-атқару жүйесі мен мемлекеттік өртке қарсы қызметтің міндеттері мен әлеуметтік кепілдіктері қамтылады. Атап айтқанда, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құқықтық мәртебесін және олардың қызметті атқаруын біріздендіруді қамтамасыз ету, үміткерлердің міндетті түрде тағылымдамадан өтуі арқылы құқық қорғау органдарына қызметке қабылдаудың конкурстық тәртібін белгілеу ұсынылады. Бұдан бөлек, құқық қорғау органдарының лауазымдарына бірыңғай біліктілік талаптарын белгілеу үшін негіздер жасау шаралары көзделеді.

Сенаторлар заң жобасы бойынша мемлекеттік және ресми тілдердегі мәтіндерді сәйкестендіруді көздейтін түзетулер жасаған болатын. Бұдан бөлек, атыс қаруын, арнаулы құралдар мен дене күшін қолданудың шарттарын көздейтін жаңа бап ұсынылған. Мәжіліс бұндай түзетулерге толық келісімін берді.