Мәжіліс «Құқық қорғау қызметі туралы» заң жобасын талқылайды
АСТАНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілісте спикер Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палата Бюросының отырысы болып өтті.
Онда алдағы аптада өтетін жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы қаралды. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.
Бюро шешіміне сәйкес, депутаттардың талқылауына «Құқық қорғау қызметі туралы» заң жобасы бірінші оқылымға шығарылмақ. Сонымен бірге, алдағы отырыста палатаның қарауына бірінші оқылымға «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы ұсынылатын болады. Сондай-ақ, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібіне екінші оқылымға «Дербес деректер туралы» заң жобасы ілеспе түзетулерімен бірге қосылып отыр. «Мемлекеттік қызметтер көрсету туралы» заң жобасы да екінші оқылымда ілеспе түзетулерімен бірге енгізілетін болды.