Мәжіліс қылмыстық заңнаманы жетілдіруге бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Мәжіліс қылмыстық заңнаманы жетілдіруге бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Аталған құжат Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясын әзірлеуге, қылмыстық жазалау түрлерінің, қылмыс ұғымының түбегейлі түрде өзгертілуіне байланысты әзірленген болатын. Бұдан бөлек, құжат елімізде пробациялық бақылаудың жетілдірілуіне, бір бөлігі қазіргі таңда қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте көзделген және енді қылмыстық-құқықтық салаға ауыстырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтар институтының енгізілуіне қатысты өзекті болып табылады. «Заң жобасын қабылдау, жалпы алғанда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының, қоғам мен мемлекет мүдделерінің қылмыстық қолсұғушылықтан тиімді түрде қорғалуын қамтамсыз етеді. Құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігін көтереді», - дейді депутат Нұрлан Әбдіров.