Мәжіліс мәдени саясат тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған заң жобасын мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Мәжіліс мәдени саясат тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған заң жобасын мақұлдады

Заң жобасы Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде жүктеген тапсырмаларын, сондай-ақ ҚР мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асыруға бағытталады. Бұл ретте Қазақстан ратификациялаған материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенция негізінде материалдық емес мәдени мұраны қорғауға және БҰҰ қызметіне Қазақстанның қатысуына бағытталған нормалар қамтылады.

Құжатқа сәйкес, мәдени қоғамдастықты тарту және мәдениет саласындағы басқарушылық мәселелерді үйлестіру мақсатында ҚР Президенті жанынан Әдебиет және өнер жөніндегі ұлттық кеңес құру көзделген. Бұдан бөлек, мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру үшін уәкілетті орган жанынан салалық көркемдік кеңестер құру қарастырылады.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Сенатқа жолданады.