Мәжіліс мәдениет жөніндегі заң жобасы бойынша келісім комиссиясының ұсыныстарын қабылдады
әуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде палата депутаттары «Мәдениет туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша қос палата арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясының ұсыныстарын қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасы мәдениет туралы ұлттық заңнаманы отандық кинематографияны, мұражай және кітапхана ісін қолдау және дамыту, сондай-ақ мәдени құндылықтарды қалыптастыру мен сақтау бөлігін одан әрі жетілдіру көзделеді. Заң жобасымен кинематография саласы бойынша түсініктемелік аппаратқа бірқатар жаңа ұғымдар енгізілген. Бұған қоса кинематография ұғымы да нақтыланып, кино сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында кинофильмдерді индексациялау жүйесі айқындалып отыр. Жобада фильмдерді 6 санат бойынша бөлу ұсынылады. Сонымен бірге, прокаттық куәліктер беру шаралары да қарастырылды. Бұдан басқа, ұлттық кино ұғымын айқындауға қатысты 4 өлшем анықталған еді, Сенат қабырғасындағы талқылау барысында бұл тағы бір өлшеммен толықты.
Бұдан басқа, Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына сенаторлар бірқатар түзетулер енгізген болатын. Осыған орай құрылған келісім комиссиясы 11 ұстанымды қарап, оның басым бөлігін бірлескен редакцияда қабылдады.