Мәжіліс магистралдық құбырларға қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
АСТАНА. 24 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Магистралдық құбыр туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне магистралдық құбыр мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.
Аталған заң жобасы еліміздің экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар магистралдық құбыр саласындағы қатынастарды реттеу жолымен Қазақстан Республикасының экономикалық және энергетикалық қауіпсіздігін нығайту мақсатында әзірленген. Бұл ретте магистралдық құбыр саласындағы құқықтық қатынастардың маңызды бөлігі ұлттық заңнамамен реттелмеген. Осының өзі магистралдық құбырларды дамыту үшін тежеуші фактор болып табылады.
Осыған орай әзірленген заң жобасының басты жаңалығы магистралдық құбырларды қайта құру арқылы оларға мемлекеттің басым құқықтарын бекіту көзделеді. Сонымен қатар, магистралдық құбыр саласындағы қызмет көрсететін немесе оның қызметін пайдаланатын тұлғалардың міндеті мен құқықтарын анықтау қарастырылады. Бұдан бөлек осы салада ұлттық оператор институтын енгізу мәселесі де көзделеді.
Тоқтала кететін жайт, елімізде өндірілетін көмірсутекті шикізаттардың айтарлықтай үлесі магистралдық құбырлар арқылы ішкі және сыртқы нарыққа шығады. Сондықтан да, бұл мәселе стратегиялық маңызға ие болып отыр. Сондай-ақ, магистралдық құбырлар арқылы мұнай тасымалдау ел бюджетінің түсімін айтарлықтай арттыратыны белгілі. Әйтсе де, осындай маңыздылығына қарамастан, магистралдық құбырлар мәселелеріне байланысты заңдық қатынастарды реттейтін нақты заңнамалық актілер әлі жоқ.
Заң жобасы қабылданса, елімізде қайта салынатын және қолданыстағы кез келген (мейлі мемлекеттік, мейлі жекеменшік болса да) магистралдық құбырларға мемлекеттің қатысуын қамтитын басым құқығы бекітілетін болады. Ал жаңа құбырлар салу барысында бірінші кезекте құбырларды салуда мемлекеттің экономикалық мүддесі қорғалатын болады.