Мәжіліс мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру бойынша келісім комиссиясының ұсыныстарын қабылдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне мемлекеттiк басқару жүйесiн одан әрi жетiлдiру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасына қос палата арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясының ұсынысы қаралып, қабылданды.
Еске сала кетейік, бұған дейін сенаторлар Мәжіліс мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне мемлекеттiк басқару жүйесiн одан әрi жетiлдiру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасына толықтырулар жасаған болатын. Алайда, Мәжіліс тарапы Сенат енгізген кейбір түзетумен келіспейтіндіктерін білдіріп, келісім комиссиясын құру туралы шешім қабылдады.
Айта кетейік, аталмыш заң жобасы Мемлекет басшысының 2014 жылдың 6 тамызындағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін әрі қарай жетілдіру шаралары туралы» Жарлығын іске асыру аясында әзірленген. Жарлыққа сәйкес, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі және экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі таратылып, Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы тұру ісі жөніндегі агенттік құрылған еді. Осыған байланысты, заң жобасы таратылған агенттіктің жемқорлық қылмыстың және заң бұзушылықтың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу, тексеру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктерін жаңа құрылған агенттікке, ал экономикалық және қаржы қылмысы мен заң бұзушылықты Қаржы министрлігіне өткізіп беру қаралған. Агенттік пен қаржы министрлігінің тиісті бөлімшелеріне құқық қорғау органы мәртебесі беріледі.