Мәжіліс мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс жөніндегі жобаны мақұлдады
АСТАНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасы мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру және орындау саласындағы құқықтық қатынастарды мемлекет қорғанысы мен қауіпсіздігінің мұқтажын қамтамасыз етудің қазіргі заманғы міндеттеріне сәйкестендіру мақсатында әзірленген. Заң жобасында ұғымдардың анықтамасы нақтыланады, мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың құрамы, оны қалыптастыру мен орналастыру үдерісі қайта қаралады. ҚР Үкіметінің және уәкілетті органның құзіреті, сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс берушілер мен орындаушылардың қызметтері нақтыланады. Сонымен бірге заң жобасы бойынша қорғаныстық тапсырыс тізбесінен ортақ пайдаланылатын тауарларды алып тастау көзделіп отыр. Атап айтқанда, мұндай тізбеден жанар-жағармай материалдары, азық-түлік, медициналық керек-жарақтар, тұрмыстық аспаптар, кеңсе тауарлары алып тасталынады. Бұл шараның өзі елімізде осындай өнім өндірушілер арасында үлкен бәсекелестік ортаның болуына негізделіп отыр.
Сонымен бірге, мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты жүзеге асыруда ең алдымен отандық өндірушілерге қолдау білдіріледі. «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты жүзеге асырудың жаңа нобайы бойынша әскери техникамен жабдықтауға құқығы бар еліміздің 39 кәсіпорыны бұл үдерістен шеттетіледі. Есесіне, Үкімет тарапынан бір ғана уәкілетті ұйым құрылады. Осы ұйым мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың импортымен айналысатын болады. Дегенмен де, заң жобасындағы басты жаңалық, бұнда отандық өндірушілерді қолдау жан-жақты жүргізіледі. Мәселен, отандық өндірушілер мен уәкілетті ұйымдардың арасынан қорғаныстық тапсырысты орындаушы болмаған жағдайда ғана шетелдік заңды тұлғалардың арасынан тапсырысты орындаушы тартылады», - деді жоба бойынша баяндаған Индустрия және сауда вице-министрі Алмас Қосынов.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.