Мәжіліс мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелеріне арналған заң жобасын екі оқылымда мақұлдады
АСТАНА. 17 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылым бойынша қарап, құжатты мақұлдады.
Аталған құжат мүдделер қақтығысын болғызбауға және реттеу тәртібін регламенттеуге бағытталады. Бұл ретте мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызметтен босатылған кейін белгілі бір кезең ішінде өзінің міндеттерін атқару барысында тікелей бақылауында немесе құзыретіне сәйкес тікелей байланысты болған коммерциялық ұйымдарға ауысуына тыйым салуды белгілеуге бағытталған.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер үшін белгіленген шектеулерді мемлекеттік ұйымдарда және мемлекеттің қатысу үлесі бар ұйымдарда басқару функцияларын орындайтын адамдарға да қолдану тапсырылған. Бұндай тиым салулар бойынша, яғни азаматтарға мемлекеттік қызметтен босатылғаннан кейін коммерциялық ұйымдарда жұмысқа орналасу тиым салынатын норманы Еңбек кодексіне енгізу көзделеді.
«Мемлекеттік қызметшілер үшін белгіленген шектеулер мемлекеттік ұйымдарда және мемлекеттің қатысу үлесі бар ұйымдарда басқару функциясын орындайтын адамдарға қолданылады. Тиісті нормалар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңына енгізіледі», делінген Мәжіліс комитетінің қорытындысында.