Мәжіліс мемлекеттік материалдық резерв жүйесін жетілдіруге бағытталған құжатты мақұлдады
АСТАНА. Қарашаның 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік материалдық резерв мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Заң жобасы - гуманитарлық көмектер мен бірінші кезектегі іс-шаралар көрсету кезінде жедел материалдық резервтен материалдық құндылықтарды пайдалану туралы. Бұл ретте табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарымен күресте шапшаң әрекет ету шаралары қарастырылып отыр. Бұдан басқа, мемлекеттік материалдық резерв саласы бойынша уәкілетті органның құзіретін арттыру қарастырылады. Атап айтқанда, аталмыш органға «броньнан шығарылған» материалдық құндылықтарды мемлекеттік резервті толықтыру мақсатында аудару шешімін қабылдау құқығы беріледі. Бұндай шара бюджеттік қаражаттарды тиімді үнемдеуге мүмкіндік туғызады», деді заң жобасы бойынша баяндаған Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.