Мәжіліс мемлекеттік мүлік қызметін реттеуге бағытталған заң жобасын комитетке қайтарды
АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Мемлекеттік мүлік туралы» заң жобасына Парламент Сенаты тарапынан енгізілген түзетулерді талқылады.
Нәтижесінде заң жобасына қатысты сенаторлардың ұсыныстарын әлі де пысықтай түсу үшін құжат Бас комитетке қайтарылды.
Заң жобасының басты мақсаты - мемлекеттік мүлікке мемлекеттік құқықты жүзеге асыру үдерісінде қалыптасқан қатынастарды реттейтін мемлекеттік мүлікті басқарудың құқықтық негіздерін, қағидаттары мен ережелерін айқындайтын заңнамалық базаны жетілдіру болып табылады. Бұл ретте Мемлекет басшысы өз Жолдауында осы заманғы экономикалық жағдайда өзгеріп отырған мемлекеттің рөлін мемлекеттік активтерді тиімді басқару проблемаларына жаңа тұрғыдан қарау қажеттігін айтқан болатын. Бұларды заңнама нормасына айналдыру қажеттігін, соның ішінде мемлекеттік активтерді басқару туралы бөлек заңның болуы тиістігін алға тартқан еді.
Бұдан бөлек, құжат жеке меншік пен мемлекеттік меншіктің тең болу қағидаты сақталған жағдайда мемлекеттік басқарушы тұжырымдамасына негізделген. Жалпы заң жобасын әзірлеу негізгі үш мақсатты қамтиды. Біріншіден - мемлекеттік меншіктің және өзге де құқықтардың иесі ретінде мемлекеттік мүлікке құқықтарды тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз ету. Екіншіден - мемлекеттік мүлікті басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар құзіретінің аражігін ажырату және мемлекеттік органдар мен олардың басшыларын мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізудегі жауапкершілігін арттыру. Үшіншіден - ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар арқылы мемлекеттік мүлікті корпоративтік басқарудың құқықтық негіздерін, олардың мемлекеттік органдармен нақты қарым- қатынасын қамтамасыз етуге жауапкершілігін белгілеу.
Ескере кететін жайт, Сенаттың жасаған түзетулеріне Үкімет оң қорытынды берген болатын. Түзетулерді талқылау барысында депутат Рамазан Сәрпеков сенаторлардың ұсынысымен әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларды ұлттық компания ретінде қайта құруды жергілікті билікке беруге қатысты мәселені әлі де пысықтай түсу қажеттігін алға тартты. Депутаттардың басым бөлігі осы мәселені қолдап, заң жобасын Бас комитетке тапсырды.