Мәжіліс мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған заң жобасын мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Мәжіліс мақұлдаған құжат енді Сенаттың талқылауына жолданады.

Мәжіліс мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған заң жобасын мақұлдады

Айта кетерлігі, заң жобасының негізгі мақсаты мемлекеттік сатып алулар ережесін жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуды қарастырады. Сонымен қатар, құжатта ықтимал тауар жеткізушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және мемлекеттік сатып алуға қатысатын тараптардың жауапкершілігін арттыру шаралары көзделіп отыр.

Мәжіліс депутаты Серікжан Қанаевтың айтуынша, заң жобасымен мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсімдерін жеңілдету шеңберінде алдын ала біліктілік іріктеуді қолдана отырып конкурсты енгізу, сондай-ақ конкурс пен аукционды өткізу тәртібін жеңілдету көзделген.

«Сыбайлас жемқорлық көріністерін болғызбау мақсатында заң жобасымен техникалық өзіндік ерекшеліктерді алдын ала талқылау институты енгізіледі. Конкурстан тыс рәсімдерге қойылатын талаптар көтеріледі, шарттар жасасудың, тауарларды беру туралы электрондық жүкқұжаттардың, орындалған жұмыстар мен қызметтер көрсету актілерінің және электрондық шот-фактуралардың тек қана электрондық форматы енгізіледі. Мемлекеттік сатып алу қорытындыларына шағым жасау мерзімдері белгіленіп, сол уақыт аралығында шарттар жасасуға жол берілмейді», - деді депутат Серікжан Қанаев.

Бұдан бөлек, заң жобасында тапсырыс берушінің не өнім берушінің мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындамағаны үшін айыппұл санкциялары да белгіленген.