Мәжіліс мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңға енгізілген өзгерістерді қабылдады
АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы Жолдауында жүктелген тапсырмаларына сәйкес әзірленген Үкіметтің «Жол картасында» көзделген шараларды жүзеге асыруға бағытталады. Тоқтала кететін жайт, бұл «Жол картасында» іскерлік белсенділікті ынталандыру және дағдарыстан кейінгі орнықты даму үшін жағдайлар жасау жолымен қосымша жұмыс орындарын ашу мақсаттары қарастырылған болатын. Осыған байланысты заң жобасы бойынша дағдарысқа қарсы шаралар ретінде қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді айрықша тәртіп қолдану арқылы жүзеге асыру қарастырылған. Бұл мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу мерзімін қысқартуды көздеп, «Жол картасындағы» шаралардың уақтылы орындалуына жағдай жасайды. «Ұсынылған өзгерістерге орай, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін қысқартылған мерзім ішінде, ерекше тәртіппен жүргізуге мүмкіндік береді. Мәселен, сатып алу бойынша өтінім берушілер арасынан жеңімпазды анықтау үшін қолданыстағы заңнамада күнтізбелік елу күн мерзімі көзделген болса, өзгертулерге сәйкес бұл мерзім күнтізбелік он бес күнге дейін қысқартылады. Сонымен бірге, сатып алулар барысында отандық тауар өндірушілерге басымдық берілетін болады», - деді заң жобасы бойынша баяндаған Қаржы министрі Болат Жәмішев.
Парламент Мәжілісі мақұлдаған заң жобасы Сенатқа жіберіледі.