Мәжіліс «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік» туралы ҚР Заңын мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік» туралы ҚР Заңын мақұлдады.

Мәжіліс «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік» туралы ҚР Заңын мақұлдады

Аталған Заң туралы баяндама жасаған ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың атап өтуінше, онда мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің қатысушылар аясын және қолданылу салаларын реттеу, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің келісімшарттық нысандарын кеңейту, институттық мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәселелерін реттеу, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарының құрылымын айқындау, жеке қаржылық бастаманы енгізу, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қатысу нысанын айқындау ұсынылады.

«Білім, денсаулық сақтау және автожолдар салу сияқты негізгі салалармен қатар заң жобасы мемлекеттік-жекешелік әріптестікті экономиканың барлық салалары мен аяларында дамытуды болжайды. Тыйым тек Мемлекет басшысының тиісті жарлығымен жеке нысандар бойынша салынады. Қаржылық ұйымдарды, ұлттық сала операторларын және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасын қоса алғанда мемлекеттік-жекешелік әріптестік қатысушыларының аясы заңнама түрінде анықталады», - деді ол.

Сонымен бірге Е.Досаев мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің келісімшарттық нысандарын өмірлік цикл келісімшарттарын, ғылыми-зерттеу мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған келісімшарттарды, сервистік келісімшарттарды және лизингтік тетіктерді енгізу арқылы елеулі түрде кеңейтуді көздейтінін баса айтты.

Заң жобасы талқыланғаннан кейін бірауыздан мақұлданды.

Айта кетерлігі, Ұлттық экономика министрі «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласында өзгерістер мен толықтырулар енгзу туралы» ҚР Заңының жобасын ұсынып, оны Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.