Мәжіліс мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіруге бағытталған құжатты мақұлдады

АСТАНА. 13 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау жүйесімен сәйкестендіру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
None
None

Заң жобасының басты мақсаты мемлекеттік жоспарлау саласында стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды әзірлеу, іске асыру және оңтайландыру үшін бірыңғай құқықтық жағдайларды қамтамасыз ету болып табылады.

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, бүгінгі таңда мемлекеттік жоспарлау жүйесі бірқатар құжаттардан тұрады. Атап айтқанда, олар: Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясы, Қазақстан Республикасының 2020 жылға арналған даму жоспары, еліміздің аумақтық кеңістігі дамуының болжамды схемасы, Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы, басқа да мемлекеттік бағдарламалар, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары, аумақтардағы дамыту стратегиясы, салалық бағдарламалар мен республикалық және жергілікті бюджет және т.б.

«Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің негізгі қағидаты бірыңғай мемлекеттік жоспарлау саласындағы заңнамалық біртұтастық болып табылады. Сонымен қатар, тәжірибе барысында қолданыстағы заңнамадағы мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес келмейтін, кейбір жағдайларда тіпті қайшы келетін нормалардың бар екені анықталды. Атап айтқанда, кейбір заңнамаларда қандай да бір мәселелер бойынша жалпы мемлекеттік, өңірлік, республикалық сектораралық және басқа бағдарламалар әзірлеу қарастырылған. Осыған орай, Елбасы қолданыстағы заңнамалардан мемлекеттік органдарды стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды әзірлеуге міндеттейтін нормаларды алып тастауды тапсырған болатын. Осы мақсатта министрлік барлық заңнамалық актілер мен стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды әзірлеуге тікелей және жанама нормалардың болуына талдау жүргізді», - дейді министр Е. Досаев.

Оның айтуынша, заң жобасымен кейбір заңнамалық актілерді мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкестендіру мүмкіндігі көзделген.

Соңғы жаңалықтар