Мәжіліс мұнай өнімдерінің айналымына мемлекеттік бақылауды күшейту туралы заң жобасына Сенат енгізген келісімдерді қабылдады

Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобасына Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттары бастамашылық жасаған болатын. Заң жобасының негізгі мақсаты желілік мұнай құбырларына санкцияланбаған ойықтар орнату жолымен жүзеге асырылатын мұнай ұрлауға қарсы күрес шараларын жүзеге асыру болып табылады. Мұндай ұрлық тәсілі құбыр жүйесінің қауіпсіздігіне, елдің, мұнай және мұнай-көлік компанияларының экономикалық мүдделеріне елеулі қатер төндіреді. Мұнайдың жер үстіне төгілуі салдарынан қоршаған ортаға орны толмас зиян келтіріледі.
Бұдан бөлек мұндай ұрлық мұнайдың экспорттық жеткізілімінің тұрақтылығын бұзуға жағдай жасайды. Энергия ресурстарын сенімді беруші ретіндегі Қазақстанның іскерлік беделіне зиян келтіреді. Сонымен бірге, қазақстандық жобаларға қатысатын шетелдік компаниялардың алаңдаушылығын туғызуға әкеп соғады.
Парламент Сенаты Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына тұжырымдық ережелерін өзгертпейтін барлығы 12 түзету енгізген болатын. Сондықтан да, Мәжіліс депутаттары сенаторлар ұсынған түзетулерге келісім берді.