Мәжіліс мұнай өнімдерінің айналымына мемлекеттік бақылауды күшейтуге арналған заң жобасын мақұлдады
әуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Респбликасының кейбір заңнамалық актілеріне мұнай және мұнай өнімдерінің айналымы саласында мемлекеттік бақылауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасына Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттары бастамашылық жасаған. Құжат бойынша баяндама жасаған депутат Валерий Котовичтің айтуынша, заң жобасының негізгі мақсаты желілік мұнай құбырларына санкцияланбаған ойықтар орнату жолымен жүзеге асырылатын мұнай ұрлауға қарсы күрес болып табылады. Мұндай ұрлық тәсілі құбыр жүйесінің қауіпсіздігіне, елдің, мұнай және мұнай-көлік компанияларының экономикалық мүдделеріне елеулі қатер төндіреді. Мұнайдың жер үстіне төгілуі салдарынан қоршаған ортаға орны толмас зиян келтіріледі. «Бұдан бөлек мұндай ұрлық мұнайдың экспорттық жеткізілімінің тұрақтылығын бұзуға жағдай жасайды. Энергия ресурстарын сенімді беруші ретіндегі Қазақстанның іскерлік беделіне зиян келтіреді. Сонымен бірге, қазақстандық жобаларға қатысатын шетелдік компаниялардың алаңдаушылығын туғызуға әкеп соғады», деді В. Котович.
Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы екінші оқылымға әзірлеу үшін бас комитетке тапсырылады.