Мәжіліс норма шығару қызметіне бағытталған жоба бойынша келісім комиссиясының ұсыныстарын қабылдады
АСТАНА. 2 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне норма шығармашылық
қызметті жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша қос палата арасындағы келісім комиссиясының ұсыныстарын талқылап, бұған қолдау білдірді. Енді құжат Парламент Сенатына жіберіледі.
Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобасының негізгі мақсаты - барлық нормативтік құқықтық актілер үшін бірыңғай заң техникасының талаптарын заңнамалық деңгейде реттеу. Бұл ретте құжатта «заң техникасы» және «нормативтік құқықтық актілердің құқықтық мониторингі» деген ұғымдарды регламенттеу ұсынылады. Бұдан бөлек, заң жобасы мемлекеттік органдар әзірлеген заң жобаларының мәтіндерін олардың өздерінің интернет ресурстарында жариялауды міндеттейді. Ақпарат жүйелерінің қазіргідей шапшаң дамып отырған тұсында бұл шара өзекті болып табылады және құқық насихаттау міндетін атқарады. Заң жобасына оны іске асыруға қажетті барлық заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерді ұсыну ережелері енгізіледі. Бұл шара заң жобасының жүзеге асырылғаннан кейінгі оның тиімділігін көруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол заңнамаға қайшы келетін, ескірген және жемқорлық әрекеттеріне жол беретін құқықтық нормаларды анықтауға жағдай тудырады.
Келісім комиссиясының талқысына 15 түзету шығарылған болатын. Бұның 11-і бірлескен редакцияда, 4-еуі Сенат редакциясында қабылданды.