Мәжіліс өлім жазасына лаңкестік қылмыстар мен соғыс уақытындағы аса ауыр қылмыстар үшін ғана кесу жөніндегі заң жобасын мақұлдады

АСТАНА. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған құжаттың мақсаты - қолданыстағы қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру, оны Конституция ережелеріне сәйкес келтіру, сондай-ақ адамның өмір сүруге деген негізқұраушы құқығын қамтамасыз ету. Осыған орай қолданыстағы Қылмыстық кодекстің Жалпы бөлімінде өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты лаңкестік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін белгіленетін болды. Сонымен бірге аталған жазаға кесілген адамға кешірім жасауды өтіну құқығы беріледі. Бұдан басқа қазіргі күні айырықша жазалау шарасын көздейтін және жаңа конституциялық талаптарға сай келмейтін бірқатар баптардың санкцияларынан өлім жазасы алып тасталады. Ондай үкімдер өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылады. Тоқтала кететін жайт, қолданыстағы Қылмыстық кодексі бойынша өлім жазасы 18 қылмыстық құрамы үшін белгіленсе, заң жобасына сәйкес тек 8 қылмыстық құрамы үшін белгіленетін болады. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің ерекше бөлігінде лаңкестік қылмыстар түрлері айқындалып отыр. Атап айтқанда, лаңкестік қылмыстарға байланысты кепілге алу кезінде адамдардың қаза табуына қатысты нормалардың қайталануын болғызбау мақсатында Қылмыстық кодекстің 96-шы және 233-ші баптарына өзгерістер енгізілді. Құжатты екінші оқылымға әзірлеу барысында Мәжіліс депутаттары бірқатар толықтырулар енгізіп, Қылмыстық кодекстің геноцид, мемлекетке опасыздық және әскери қылмыстар жасағаны үшін көзделінген жазаларды реттейтін баптардың құрылымын өзгертті. Яғни осы қылмыстық әрекеттердің бейбіт уақытта және соғыс кезінде жасалуы бойынша аражігі айқындалып отыр. Бұл ретте өлім жазасы түріндегі норма аталған қылмысты соғыс уақытында жасағандарға қатысты көзделетін болады. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.
Соңғы жаңалықтар
Референдум