Мәжіліс Олимпиада рәмізін қорғау туралы Найроби шартын мақұлдады
Найроби шартына сәйкес, бұған қатысушы кез келген мемлекет Халықаралық олимпиада комитетінің рұқсаты болған кезден басқа жағдайларда олимпиада рәмізін коммерциялық мақсатта таңба немесе басқа белгі ретінде пайдалануға тиісті шаралар жолымен тиым салуға міндетті. Атап айтқанда, қатысушы мемлекеттер Халықаралық олимпиада комитетінің жарғысында анықталған түрде, олимпиада рәмізінен тұратын немесе осы рәмізді қамтитын кез келген белгіні таңба ретінде тіркеуден бас тартуға немесе оның тіркелуін жарамсыз деп тануға міндетті.
«Спортты дамыту, оны насихаттау және олимпиада резервін даярлау Қазақстан үшін басты мақсат. Бұған 2011 жылы еліміздің қос қаласында өтетін 7-і қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру және өткізу айқын дәлел. Заң жобасында қамтылған олимпиада рәмізін қорғау туралы Найроби шартын қабылдау еліміздің беделін арттыруға да оң ықпал етеді. Шарт олимпиада рәміздерін заңсыз пайдалануды болдырмайды», - деді ҚР Әділет министрінің орынбасары Әмірхан Аманбаев.
Оның айтуынша, бүгінгі күні аталған шартқа 47 мемлекет, оның ішінде ТМД-ның Ресей, Беларус, Украина, Қырғыз және Тәжікстан мемлекеттері қол қойған. Мәжіліс мақұлдаған құжат Парламент Сенатына жолданады.