Мәжіліс өнеркәсіптік саясат туралы заң жобасын мақұлдады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжіліс өнеркәсіптік саясат туралы заң жобасын мақұлдады

Аталған заң жобасы 2021 жылғы 6 қазанда бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасы Мемлекет басшысының өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасына сәйкес әзірленді және өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың негізгі қағидаттарын, мақсаттары мен міндеттерін айқындайды. Басты міндет - өнеркәсіптің әлеуетін толық ашу.

Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар:

- «өнеркәсіптің цифрлық трансформациясы», «елішілік құндылық» ұғымдарын енгізуге және «өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары», «өңдеу өнеркәсібі», «өнеркәсіптік-инновациялық жүйе» терминдерін нақтылауға;

- жергілікті атқарушы органдардың өнеркәсіптік саясатты іске асыру бойынша құзыреттерін енгізуге және өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті органның, сондай-ақ сыртқы сауда қызметін реттеу жөніндегі уәкілетті органның құзыреттерін нақтылауға;

- өнеркәсіптік саясаттың мақсаты мен міндеттерін және өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шарттарын нақтылауға;

- елде өнеркәсіптік саясатты қалыптастырудың негізгі құралы ретінде Өнеркәсіптің жай-күйі туралы жыл сайынғы ұлттық баяндаманы қалыптастыру жөніндегі нормаларды енгізуге;

- өндірісі ұлттық экономиканың ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін және мемлекеттік ынталандыру шараларын айқындайтын басым тауарлар тізбесіне енгізу үшін тауарларды іріктеу өлшемшарттарын белгілеуге;

- еңбек өнімділігін арттыруға және тауарларды экспортқа ілгерілетуге бағытталуды ескере отырып, қарсы міндеттемелерді айқындау кезінде заңдылық, теңдік, транспаренттілік және мемлекет пен бизнестің өзара жауаптылығы қағидаттарын бекітуге бағытталған түзетулер енгізді.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және заң техникасының талаптарына сәйкес келтіру бойынша, сондай-ақ заң жобасының жекелеген нормаларын нақтылайтын және мазмұнын жақсартатын түзетулер енгізілді.

Жұмыс тобына депутаттар мен комитеттердің 475 ұсынысы келіп түсті, олар мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындары, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының жиырма тоғыз отырысында, Комитеттің кеңейтілген отырыстарында талқыланды.

Сонымен қатар, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы да екінші оқылымда мақұлданды.