Мәжіліс Парламентке жаңа сайлау тағайындау туралы бастама көтерді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісі Парламентке жаңа сайлау тағайындау туралы бастама көтерді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарының Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат дептуаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы үндеуі мәтінін жария еткен депутат Нұрлан Әбдіров осылай деді.

Мәжіліс Парламентке жаңа сайлау тағайындау туралы бастама көтерді

«Бүгінде жаһандық жүйелі дағдарыс әлемнің барлық елдерін, тіпті дамыған жетекші мемлекеттерді де қамтуда. Әлемдегі күрделі геоэкономикалық және геосаяси ахуал халықаралық шиеленістің артуымен, жаңа қақтығыс ошақтарының пайда болуымен, лаңкестік қауіп-қатердің күшеюімен қатар өрбуде. Қазақстан егемен ел ретінде дамып келе жатқан 25 жылдың ішінде әлемдік дағдарыстардың сын-қатерлерімен сан мәрте бетпе-бет келді және біз олардың барлығына лайықты тойтарыс бере білдік. Тіпті, біз ондай кезеңдерді әрдайым дамудың жаңа сапалық деңгейіне шығудың мүмкіндігі ретінде пайдалана білдік. Сол себепті біздің еліміз әрқашан, әрбір дағдарыстан жаңғырған, қуатты ел болып шығып келеді», - деді ол.

Депутат жария еткен үндеуде қазір де Қазақстанның жаңа жаһандық сын-қатерлерді еңсеретін нақты жоспарлары бар екендігі айтылған.

«Елбасы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатының арқасында еліміздің тек әлемдік дағдарысқа қарсы тұруы жөнінде ғана емес, жаңа жаһандық нақты ахуал жағдайында дамуы туралы стратегиясы мен нақты Ұлт жоспары бар. Бүгін кейінге қалдырмайтын жедел шаралар уақыты. Осыған байланысты қазірден бастап жаңа реформаларды жүзеге асыруға жедел кірісу үшін, сонымен бірге дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру үшін біз, 5-ші шақырылымдағы Мәжілістің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату және Парламентке жаңа тағайындау сайлау туралы бастама көтереміз», - деді үндеуді жариялаған Н.Әбдіров.