Мәжіліс парламенттік тыңдаулардың тақырыптарын бекітті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары алтыншы сайланған Парламент Мәжілісінің өкілеттіктерін іске асырудың үшінші сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспарының жобасын бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәжіліс парламенттік тыңдаулардың тақырыптарын бекітті

«Алтыншы сайланған Парламент Мәжілісінің өкілеттіктерін іске асырудың үшінші сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспарының жобасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа үшінші сессиясын ашу кезінде берген тапсырмаларына сәйкес, Ұлт жоспарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатымен әзірленгенін атап өткім келеді. Жоспар жобасы әзірленгенде барлық тұрақты комитеттердің ұсыныстары ескеріліп, солардың негізінде пысықталды. Жалпы, жоспар алты тараудан тұрады. Осы сессияда алдымызда тұрған көкейкесті міндеттерден туындайтын аса маңызды іс-шараларды қамтиды», - деді Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева.

Белгілі болғандай, сессия барысында үш парламенттік тыңдау өткізу жоспарлануда. Атап айтқанда, «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы», «Қазақстан Республикасының елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері», сондай-ақ «Жұмыспен қамту саласындағы проблемалар және оны дамыту перспективалары» атты тақырыптары бойынша парламенттік тыңдау өтеді.

«Сонымен қатар комитеттердің 14 көшпелі отырысы, үш конференция өткізу көзделген. Сессияның бірінші жартысында сегіз Үкімет сағатын өткізу белгіленіп отыр. Кең ауқымдағы жұртшылық өкілдерінің, азаматтық сектордың қатысуымен заң жобаларын, басқа да өзекті мәселелерді жан-жақты талқылау мақсатында 15 дөңгелек үстел өткізу ұсынылды. Мәжіліс депутаттарының халықаралық және парламентаралық қызметке қатысу шаралары да қамтылған», - деді Г. Исимбаева.