Мәжіліс Патент құқығы туралы шартты мақұлдады

АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Патент құқығы туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Аталған шарт 2000 жылғы 1 маусымда Женевада қабылданған.

Мәжіліс Патент құқығы туралы шартты мақұлдады

«Бүгінгі ғылыми-техникалық жаңалықтар күнделікті тұрмысымызға қолданысқа еніп, кеңірек пайдаланылып жатқан уақытта зияткерлік меншік саласындағы үдерістердің маңызы күн сайын артып келеді. Халықаралық патенттеу саласын қорғау және оны ары қарай жетілдіру ең алдымен әлемде бар үздік технологияларды қолдау болып табылады. Бұл үшін әр мемлекет зияткерлік меншікті қорғауды қамтамасыз етулері қажет. Осы ретте Патент құқығы туралы шартты ратификациялау - басқа мемлекеттер қосылған халықаралық шарттарды қабылдай отырып, шетелдік өнертапқыштардың алдында тиісті міндеттемелер алып, біздің өнертабыстарымызды шет елдерде қорғауды қамтамасыз ету болып табылады», - деді заң жобасы бойынша баяндаған Әділет министрінің орынбасары Әмірхан Аманбаев.

Оның айтуынша, заң жобасында шетелдерде қазақстандық өнертапқыштарға патенттер алу және шетелдіктердің Қазақстанда патенттер алу жөніндегі бірыңғай қағидалары мен ережелері қамтамасыз етіледі. «Бүгінгі күнге дейін өнертабыста халықаралық патент алу 1970 жылғы Вашингтон қаласында келісілген патенттік корпорация бойынша жүзеге асырылып келген. Бұған 142 мемлекет қатысқан болатын. Ал Қазақстан 1990 жылдардың басында Еуразиялық патенттік конвенцияға қосылған еді. Бұған посткеңестік мемлекеттердің 9-ы қатысады», - деді Ә. Аманбаев.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.