Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының сайлауы өрескел заңбұзушылықтарсыз қалыпты жағдайда өтуде - Бас прокуратура
АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіковтың айтуынша, Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының сайлауы өрескел заңбұзушылықтарсыз қалыпты жағдайда өтуде.
Бұл туралы ол бүгін Орталық сайлау комиссиясында журналистермен болған брифингте айтты.
Ресми өкілдің сөзінше, сайлау жарияланған күннен бастап, азаматтардың сайлау процесіне қатысты өтініштері, арыздары мен шағымдары Қазақстанның «Сайлау туралы» конституциялық заңымен белгіленген ерекше тәртіптен қабылданып, қаралуда. «Азаматтардың өтініштерін қысқа мерзімде қарау осы ерекше тәртіптің ең басты негізі. Сондай-ақ дауыс беру күнінен бес күн бұрын және дауыс беру күні түсетін арыз-шағымдар жедел қаралуға жатады»,-деді ресми өкіл.
Оның сөзінше, Бас прокуратураның өкімі бойынша Бас прокуратурада және аймақтық прокуратураларда сайлау үдерісі басталған кезден-ақ прокуратураның ең тәжірибелі қызметкерлерінен құралған жұмыс топтары қызмет етуде. «Прокуратураға түсіп жатқан арыз-шағымдарды осы топ мүшелері қарауда. Прокуратура органдары өздері атқарған істер мен сайлау процесіндегі заңдылықтың сақталуы туралы мәліметтерді арнайы шолу етіп халыққа жариялап отырады. Бүгінгі күнге дейін прокуратура органдары осындай 3 шолу жасады. Онда көтерілген мәселелермен Бас прокуратураның ресми сайтынан танысуға болады»,-деді Н.Сүйіндіков.