Мәжіліс пен Сенат арасында келісім комиссиясы құрылатын болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне мемлекеттiк басқару жүйесiн одан әрi жетiлдiру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасына Сенат енгiзген түзетулерді талқылады. Сенаторлардың бірқатар ұсыныстарымен келіспеген мәжіліс заң жобасы бойынша қос палата арасындағы келісім комиссиясын құру туралы қаулы қабылдады.
Еске сала кетейік, аталмыш заң жобасы Мемлекет басшысының 2014 жылдың 6 тамызындағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін әрі қарай жетілдіру шаралары туралы» Жарлығын іске асыру аясында әзірленген. Жарлыққа сәйкес, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі және экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі таратылып, Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы тұру ісі жөніндегі агенттік құрылған еді. Осыған байланысты, заң жобасы таратылған агенттіктің жемқорлық қылмыстың және заң бұзушылықтың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу, тексеру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктерін жаңа құрылған агенттікке, ал экономикалық және қаржы қылмысы мен заң бұзушылықты Қаржы министрлігіне өткізіп беру қаралған. Агенттік пен қаржы министрлігінің тиісті бөлімшелеріне құқық қорғау органы мәртебесі беріледі.
«Сенат тарапынан жаңа Қылмыстық-процессуалдық кодекстiң 484-бабына сәйкес, өзгерiстер енгiзуді ұсынылады. Ал бас комитет Мәжiлiс депутаттарының пiкiрiн ескере келе, аталған норманың азаматтардың сот қорғауына қатысты конституциялық құқықтарын қозғайды деп санап отыр. Сондықтан, комитет Сенат енгiзген толықтырумен келiспейдi», - деді Мәжіліс депутаты Рамазан Сәрпеков. Осыған орай, қос палата арасында құрылатын келісім комиссиясының құрамына Мәжіліс депутаттары сайланды.