Мәжіліс Президент шешім қабылдағанға дейін қалыпты тәртіппен жұмыс істей береді - Қ. Жақыпов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс Президент шешім қабылдағанға дейін қалыпты тәртіппен жұмыс істей береді. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата Төрағасы Қабиболла Жақыпов осылай мәлімдеді. Еске салайық, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары бесінші сайланған Парламентті тарату және жаңа сайлауды тағайындау туралы ҚР Президентінің атына Үндеу жолдаған болатын.
«Бүгін тарихи Үндеу қабылдадық. Мәжіліс аппараты Президент атына жолданатын Үндеуді ұйымдастырады. Ал Елбасы бір апта, он күн шамасындағы тәртіппен қарайтын шығар. Сосын өзінің шешімін қабылдайды. Бұның тәртібі сондай», - деп атап өтті жиынды қорытындылаған палата спикері Қабиболла Жақыпов.
Сонымен қатар, спикер депутаттардың жұмысына сәттілік тіледі. «Бізге бұдан кейінгі шақырылымдарда да (Парламенттің шақырылымдары ред.) кездесуге жазсын. Мен осыны тілеймін. Ал енді қандай да бір мәселелер болса, біз хабарлап отырамыз, дегенмен жұмыс тәртібіміз бұрынғы режимде сақталады», - деді Қ. Жақыпов.