Мәжіліс салық салу мәселелерін қамтыған құжатты бірінші оқылымда мақұлдады

Аталған заң жобасы жаңа бюджет саясаты тұжырымдамасын және Салық салу мәселелері жөніндегі консультациялық кеңестің шешімдерін іске апсыру мақсатында әзірленген.
«Халықтың әлеуметтік зиянды тауарлар ынтасын төмендету мақсатында темекі және алкоголь өнімдеріне акциздер мөлшерлемесін арттыру көзделеді. Бұл ретте алкоголь өнімдері бойынша ставканы арттыру тек күшті алкоголь ішімдіктеріне қатысты болады. Алкоголі аз өнімдер мөлшерлемесін келер жылы қарау жоспарланып отыр», дейді Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев.
Тоқтала кететін жайт, заң жобасын Мәжілісте талқылау барысында «Нұр Отан» партиясының фракциясы жек тұлғалардың мүлкі мен көлік құралдарына салықтың мөлшерлемелерін өзгерту бойынша ұсыныстар енгізген болатын. Министр аталған ұсыныстар тұжырымдамалы түрде қолданылғанын атап өтті.
Еске сала кетейік, «Нұр Отан» фракциясының депутаттары ұсынған өзгерістер ең алдымен, қозғалтқыш көлемі 4 мың текше см-ден асатын көліктерге қатысты болмақ. Атап айтқанда, көлікке салынатын салық түріне қатысты - қозғалтқыш көлемі 4 мыңнан, 5 мың текше см-ге дейінгі көліктер үшін салық мөлшерін 130 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін, ал, көлемі 5 мың текше. см-ден асатын көліктер үшін салық мөлшерін -200 АЕК дейін өсіруді және қарапайым азаматтарымыздың мүддесіне нұқсан келтірмес үшін жаңа салықтық мөлшерлемелерді 2014 жылдың, 1-ші қаңтарынан бастап сатылып алынатын көліктерге қолдану көзделеді. Яғни, ертеректе сатылып алынған көліктер үшін бұрынғы салық көлемін қалдыру қарастырылады. Жылжымайтын мүлікке байланысты салық бойынша жоғарылатылатын коэффициент жойылып, баспана құнына қатысты неғұрлым әділ тәсілге алмастыру жоспарланған. Бұл салық салу кезінде, әсіресе, құны жоғары баспаналар үшін неғұрлым негізді болмақ.
Заң жобасының тұжырымдамасына Мәжілістегі «Халықтық коммунистер» фракциясы қарсы шыққан болатын. Дегенмен, дауыс беру барысында заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, құжат екінші оқылымға әзірлеу үшін бас комитетке тапсырылады.