Мәжіліс салық салу мәселелеріне арналған заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады
АСТАНА. Қазанның 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобасы мемлекеттің қаржылық қажеттіліктерін қамтамасыз ету, халықаралық салық салу жүйесін жетілдіру және халықаралық тәжірибеге сәйкес салық салу мәселелері жөніндегі халықаралық шарттарды әкімшілендіру, сондай-ақ салық заңнамасының жекелеген нормаларын нақтылау мақсатында әзірленген.
Осы мақсатта «Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексiн (Салық кодексi) қолданысқа енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Заңына тиісті өзгерістер енгізілетін болады. Өйткені осы Заңда белгіленген пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық ставкалары жер қойнауын пайдаланушылар үшін корпоративтік табыс салығының ставкаларын кезең-кезеңімен төмендетуден болатын бюджет шығындарын болжамдаған.
Бұдан басқа, жеке тұлғалардың табыстарына салық салудың прогрессивтік шәкілін белгілеу мақсатында жеке тұлғалардың табысына салынатын салық ставкаларын өзгерту көзделіп отыр. Бұл ретте прогрессивтік шәкіл енгізіліп отыр, мұнда үлкен табыстарға салық неғұрлым жоғары ставкалармен салынады және жеке табыс салығының ең жоғары ставкасы корпоративтік табыс салығының 20 пайызға тең ставкасымен теңеседі. Халықаралық салық салу жүйесін жетілдіру мақсатында заң жобасында салық салу мақсатында резидент еместің тұрақты мекемесін құру өлшемдері нақтыланады және резидент еместің тұрақты мекемесін тіркеу тәртібі регламенттеледі. Өйткені Кодекстің қолданыстағы редакциясы анықтық принципіне толығымен сәйкес келе бермейді және әртүрлі мағынада түсінуге әкеп соқтырады.
Құжатты екінші оқылымда талқылау барысында депутаттар арасында темекі өнімдері акциздеріне бағаны арттыруға қатысты пікір қайшылықтары орын алған болатын. Бірқатар талқылаулардан кейін аталған норма Қаржы және бюджет комитетінің ұсынған редакциясында қабылданды. «Біз қабылдаған түзетулер бойынша Үкімет 2011 жылдан бастап темекі өнімдеріне акциздерді 0,25 пайызға көтеру туралы ұсыныс енгізген болатын. Біз Үкіметтің осы ұсынысын кеңейттік. Ол бойынша акциздер бағасы тек 2011 жылы 0,25 пайызға ғана емес, келесі 2012-13 жылдары да сатылап көтерілетін болады», деді депутаттар алдында түсінік берген Комитет төрайымы Гүлжан Қарағұсова.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы енді Парламент Сенатына жіберіледі.