Мәжіліс салықтық амнистияға бағытталған құжатты мақұлдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінде палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлдады. Енді құжат Парламент Сенатына жолданады.
Заң жобасының мақсаты елдің одан әрі тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қолайлы кәсіпкерлік орта құру және бизнеске жағдай жасау болып табылады. Бұл ретте ең алдымен Елбасы жүктеген тапсырмаға сәйкес, бизнесті дамыту мақсатында 2014 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша салық төлеушілердің жеке шоттарында есепте тұрған және 2014 жылдың 1 қазандағы жағдай бойынша төленбеген өсімпұлдардың сомаларын есептен шығару, өсімпұл мен айыппұлдардан босату арқылы салықтық амнистия жүргізу ұсынылады. Салықтық амнистияны жүргізу салық төлеушілерге босатылған қаражатты бизнесті дамытуға жұмсауға мүмкіндік береді. Бұнымен қоса, аталған шара ішкі инвестициялардың әлеуетін күшейтеді.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеуді ынталандыру және агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін оларға салық салу тәртібі реформаланатын болады. Сонымен қатар, жер учаскелерін ұтымды пайдалану мақсатында шаруа қожалықтарын қоршаған ортаға эмиссиядан босата отырып, бірыңғай жер салығының мөлшерлемесін 1,5 есеге, ауыл шаруашылығының тауар өндіруші заңды тұлғалар үшін жер салығының ставкасын 5 есеге арттыру көзделеді.
Бұдан бөлек, ЭКСПО көрмесін өткізу мақсатында 2017 жылға дейін ЭКСПО-ны ұйымдастыру мен өткізу бойынша қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғаларға салық салу объектілерін жалға беру кезінде жер салығын және мүлік салығынан босату көзделеді.
Сонымен қатар, депутаттар енгізген түзетуге сәйкес, «Метрополитен» мемлекеттік кәсіпорны да мүлік салығын төлеуден босатылады.