Мәжіліс сайлауы көпұлтты Қазақстан халқының бірлігін әлемге тағы да паш етті - Қ. Тоқаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс сайлауы көпұлтты Қазақстан халқының бірлігі мен кемелдігін әлемге тағы да паш етті. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.

Мәжіліс сайлауы көпұлтты Қазақстан халқының бірлігін әлемге тағы да паш етті - Қ. Тоқаев

«Күнi кеше сайлаушылардың жоғары азаматтық белсендлiгiмен өткен Мәжiлiс депутаттарының сайлауы нәтижесiнде «Нұр Отан» партиясы халықтың басым бөлiгiнiң сенiмiне ие болды. Партияның жеңiсi ең алдымен халқымыздың Елбасына деген шексiз сенiмi мен бүгiнгi реформаларына көрсеткен қолдауын бiлдiредi. Бұл сайлау көпұлтты Қазақстан халқының татулығын, кемелдiгiн бүкiл әлемге тағы да паш еттi», - деді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар, спикер алдағы уақытта да сенаторлар Мәжілістегі әріптестерімен бірлесе отырып Елбасының айқындаған стратегияларын заңамалық қамтамасыз етуде жемісті жұмыстар атқаратынына сенім білдірді.

«Қазақстанның тәуелсiз дамуының 25 жылы iшiндегi Парламенттiң әрбiр шақырылымы уақыт талабына сай елдiң экономикалық және саяси өрлеуiн қамтамасыз етуде өзiнiң миссиясын абыроймен атқарып келедi. Парламенттiң V шақырылымының депутаттары Елбасының стратегиялық реформаларын заңнамалық жағынан қажеттi деңгейде қамтамасыз етуге өздерiнiң лайықты үлесiн қосты. Осы уақыт iшiнде Парламент пен Үкiметтiң бiрлесiп атқарған тиiмдi жұмысы мен өзара пәрмендi iс-қимылының нәтижесiнде 500-ден астам заң қабылданды», - деді жиын барысында спикер Қ. Тоқаев.