Мәжіліс сайлауына мониторинг жүргізу үшін барлық жағдай жасалған - Е.Слобода
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына шетелдік байқаушылар мониторинг жүргізу үшін барлық жағдай жасалған.
Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясында баспасөз мәслихатын өткізген ТМД байқаушылары миссиясының жетекшісі Евгений Слобода айтты.
«Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының байқаушылар миссиясына ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына мониторинг жүргізуі үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Ал бұл сайлау процесінің ашық әрі әділ жүргізіліп жатқандығын дәлелдейді», - деді ол.
Миссия басшысының атап өтуінше, бүгінгі күнге дейін Достастықтан 111 сайлаушы ҚР Орталық сайлау комиссиясынан аккредитациядан өткен. Тағы 130 байқаушының құжаттарын комиссия тарабы қарау үстінде.
«Яғни, қазірдің өзінде миссия құрамында 240-тан астам байқаушының болатындығын нық сеніммен айтуға болады. Мұнан бөлек, миссия құрамына ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің парламентаралық ассамблеясының, Беларусь пен Ресей одағы парламенттік жиналысының, ҰҚШҰ парламенттік ассамблеясының, Достастықтың Атқарушы комитетінің өкілдері де кіреді», - деді Е.Слобода.