Мәжіліс сайлауына орай Орталық сайлау комиссиясының баспасөз орталығы өз жұмысын бастады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы ғимаратында 20 наурызда өтетін ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауына орай баспасөз орталығы өз жұмысын бастады.
Орталық сайлау комиссиясының баспасөз хатшысы Венера Жексембекованың айтуынша, орталық заманауи техникамен, компьютермен жабдықталып, ғаламторға қосылған. «Мұның барлығы бұқаралық ақпарат құралдарының барынша ыңғайлы жағдайда жұмыс жасауы үшін жасалған шаралар десек болады. Осы мүмкіншілікті пайдалана отырып, барлық БАҚ өкілдерін сайлау барысында қоян-қолтық жұмыс істеуге шақырамыз», - деді ол.
Оның атап өтуінше, баспасөз орталығы Орталық сайлау комиссиясының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысын арттырып, сайлау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етуге өз септігін тигізетін болады.