Мәжіліс Сенат енгізген түзетулермен келісті
АСТАНА. Маусымның 26-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ -Парламент Мәжілісі тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелерін қамтитын заң жобасына Сенат енгізген түзетулерге келісім білдірілді.
Бұл жөнінде аталған заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі, Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Шавхат Өтемісов ҚазАқпарат тілшісіне түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы тұрғын үй құрылысына өз қаражатын салған үлескерлердің құқықтарын қорғауды арттыру мақсатында әзірленген.
«Бұл заң жобасын 2009 жылғы сәуірдің 29-ы күні Парламент Мәжілісі екінші оқылымда мақұлдаған болатын. Маусымның 11-інде Сенат осы заң жобасын қарап, оны негізінен редакциялық, нақтылаушы сипаттағы және заң жобасының тұжырымдамасын өзгертпейтін өзгерістерімен және толықтыруларымен қоса Мәжіліске жіберді. Мәселен, сот жобалау компаниясының үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын жайлар құрылысын ұйымдастыруға берілетін лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған кезде нақты мерзімдерді белгілеу мақсатында заң жобасының 1-бабы 1-тармағының он бірінші абзацы «үш айға дейінгі мерзімге» деген сөздермен толықтырылды. Сондай-ақ заң жобасының 1-бабы 4-тармағы 5) тармақшасының он алтыншы абзацына түзету енгізілді, ол құрылыс салушы және жобалау компаниясы осы Заңның және оған сәйкес қабылданған нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзған жағдайларда лауазымды адамдардың ғана емес, заңды тұлғалардың да (құрылыс салушының және жобалау компаниясының) жауаптылығын белгілеуді көздейді. Мәжіліс депутаттары Сенат енгізген толықтырулармен түгел келісіп, Палатаның жалпы отырысында дауыс берді,- дейді депутат Ш.Өтемісов.
Енді аталған заң жобасы Мемлекет басшысына қол қоюға жіберіледі.