Мәжіліс шифрлық байланыс мәселелерін қамтитын заң жобасын мақұлдады
АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне шифрлық байланыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.
Заң жобасының мақсаты шифрлау құралдары туралы мәліметтерді мемлекеттік құпияларға жатқызу, шифрлау жұмысын ұйымдастыру, үкіметтік байланысты қамтамасыз ету тәртібін, сондай-ақ оларды бекіту тәртібін айқындау болып табылады. Бұдан бөлек, құжатта шифрлау жұмысы, шифрланған, құпияландырылған және кодталған байланыс секілді ұғымдарды анықтау шаралары көзделеді.
«Заң жобасы қабылданса шифрлау жұмысын қамтамасыз ету, ұйымдастыруға байланысты қолданыстағы кейбір заңнамалық олқылықтар жойылатын болады. Осы мақсатта байланыс және мемлекеттік құпиялар туралы заңдарға түзету енгізілетін болады. Атап айтқанда, шифрлау жұмысына Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер органдарының ұйымдастыру және техникалық шаралар кешені кіретін болады. Бұл ретте шифрланған байланыс дегеніміз қол шифрларын, шифрлау машиналарын, аппаратуралар мен есептеу техникалық құралдары арқылы қорғалған байланысты білдіреді. Құпияланған байланыс - құпиялау аппаратуралары арқылы құпияланған байланысты, ал кодталған байланыс кодтау құжаттары мен техникалары арқылы берілетін байланыстарды аңғартады», - дейді заң жобасы бойынша баяндаған ҰҚК төрағасының орынбасары Ғұсман Әмрин.
Оның айтуынша, заң жобасында шифрлау құралдары мемлекеттік құпияға жатқызылатын болады.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.