Мәжіліс ШЫҰ мемлекеттерінің арасындағы халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған келісімді мақұлдады

әуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды,

 Мәжіліс ШЫҰ мемлекеттерінің арасындағы халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған келісімді мақұлдады

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қелісімге сәйкес тараптар ынтымақтастықты іске асыра отырып, халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірқатар негізгі қатерлердің болуын қаперге алатын болады. Атап айтқанда, бұндай қатерлерге ақпараттық қаруды әзірлеу және қолдану, ақпараттық соғысты дайындау және жүргізу, ақпараттық терроризм, ақпараттық кеңістіктегі үстем жағдайды басқа мемлекеттердің мүдделері мен қауіпсіздігіне залал келтіретіндей пайдалану, басқа мемлекеттердің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жүйелеріне, рухани, адамгершілік және мәдени орталарына залал келтіретін ақпаратты тарату секілді қатерлер жатқызылады.

Келісімге сәйкес, әрбір Тарап өз мемлекетінің ақпараттық ресурстарын және аса маңызды құрылымдарын заңға қайшы келетін пайдаланудан, рұқсатсыз араласудан, оның ішінде оларға ақпараттық шабуыл жасаудан қорғауға тең құқылы болып табылады. Сондай-ақ, әрбір Тарап басқа Тарапқа қатысты осыған ұқсас іс-әрекеттерді жүргізбейді, қамтылған құқықтарды жүзеге асыру үшін басқа Тараптарға жәрдемдесетін болады.

ШЫҰ мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы бұл келісімге 2009 жылдың маусымында Екатеринбург қаласында қол қойылған. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.