Мәжіліс сот сараптамасы мәселелерін реттеуге арналған жобаны бірінші оқылымда мақұлдады

АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады,

Мәжіліс сот сараптамасы мәселелерін реттеуге арналған жобаны бірінші оқылымда мақұлдады
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған заң жобасының негізгі мақсаты еліміздегі сот-сараптама қызметін барлық қырынан реттеу болып табылады. Өйткені қазіргі қолданыстағы «Сот сараптамасы туралы» заңда сот сараптамасын жүргізу және тағайындау реттелгенімен, оның ұйымдық, ғылыми-әдістемелік қырлары бойынша сот-сараптама қызметінің өзіне қатысты мәселелер жеткілікті түрде көрініс таппаған. Сонымен қатар қолданыстағы заңнамада тірі адамдарға қатысты, атап айтқанда олардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерінің кепілдігі тұрғысынан сот сараптамасын жүргізу мәселелері маңызды болып табылады. «Сот сараптамасы мекемелерінің құқық қорғау органдарымен өзара әрекеттесуі мәселесін реттеу үшін сарапшы мен құқық қорғау органы маманының зерттеу өндірісін бірігіп жүргізу ұсынылады. Сол секілді зерттеулердің заңдылығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету мақсатында зерттеулердің барлық әдістемелері сараптамалық әдістемелердің бірыңғай реестрінде бекітілмек. Сондай-ақ заң жобасында сараптама мекемесі басшысының міндеттері мен құқықтары анықталады. Сот-сараптамасы зерттеуін жүргізу тәртібі реттеледі. Сарапшыларға қойылатын негізгі талаптар, сот сарапшысының біліктілігі куәлігін беру, оларды аттестациядан өткізу тәртібі белгіленеді», - деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Әділет вице-министрі Марат Бекетаев. Оның айтуынша, аталған құжат бойынша Үкіметтің және сот сараптама қызметі саласындағы уәкілетті органдардың құзіреті айқындалмақ. Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы екінші оқылымға әзірлеу үшін бас комитетке тапсырылады.